Ақтөбелік дәрігерлер денсаулық сақтау басқармасының басшысына қордаланған мәселерді жайып салды

Облыста балаларды емдеуде қиындықтар бар, деп хабарлайды AqtobeDay тілшісі облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Өңірдің бас дәрігері Рүстем Исаев Шанхай ауданындағы №1 қалалық емхананың ұжымымен кездесті. Негізгі тақырып ретінде дәрігерлердің науқастармен қарым-қатынасы, халыққа сапалы қызмет көрсету талқыланды.

Жиын барысында емхана қызметкерлері медицина саласындағы проблемаларды жасырмады.

«Облыстық балалар клиникалық ауруханасында МРТ және КТ аппараттарының жұмыс істемегеніне ұзақ уақыт болды. Кішкентай балаларға ультрадыбыстық зерттеу жүргізгенде қиналамыз. Сондай-ақ есту қабілеті төмен балаларды қарауда проблемалар бар», — дейді дәрігерлер.

Ал «Сенім» медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Қайрат Сабыр мүгедек балалары бар отбасыларға ерекше назар аударуды сұрады.

Айта кетелік, өз аймағында 77 360 адамға жауапты №1 қалалық емхана 290 мүгедек балаға қызмет көрсетеді. Оның барлығы диспансерлік есепте тұр. Тегін медициналық көмек аясында олар тегін дәрімен қамтылған және оңалту емін қабылдауда.