Ақтөбе әкімдігі белсенділерге 28 ақпанда митинг өткізуге рұқсат етпеді

Ақтөбе әкімдігі 28 ақпан күні бейбіт митинг өткізбек болған белсенділерге рұқсат бермеді. Бұл туралы Азаттыққа ақтөбелік белсенді Жанна Есмұрзаева хабарлады.

Белсенді Есмұрзаеваның сөзінше, бейбіт митині өткізетіні туралы хабарламаны ол қала әкімдігіне 19 ақпан күні тапсырған. Жалпы саны 400-500 адам қатысады деп жоспарланған митингіде жиырма шақты белсендінің сөз сөйлейтіні де әкімдікке алдын-ала ескертілген.

— Бейбіт митингіде азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын, саяси тұтқындарға бостандық берілуін талап етпек болғанбыз. Одан бөлек жердің шетелдіктерге жалға берілуі мен сатылуына қарсы болып, елдегі жемқорлық проблемасын көтермек едік. Қала әкімдігі пандемияны желеу етіп, бейбіт митинг өткізуге рұқсат бермеді. Әкімдіктің қаулысын 23 ақпан күні алдым, — дейді Есмұрзаева.

Ақтөбе қалалық мәдениет үйі жанында 28 ақпанда бейбіт митинг өткізетіні туралы қала тұрғыны Жанна Есмұрзаевадан хабарлама түскенін әкімдік те растап отыр. Қала әкімдігіндегі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Қабылдың айтуынша, Ақтөбе облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2021 жылғы 13 қаңтардағы қаулысына сай көпшілік шараларға тыйым салынған. Осы себепті әкімдік бейбіт митинг өткізуге тыйым салған.

Қазақстандағы оппозициялық топтар мен белсенділер 28 ақпанда бейбіт митинг өткізуді жоспарлайды. Бірақ билік белсенділерге митинг өткізуге рұқсат бермей жатыр. Мәселен, Семей, Шымкент және Орал әкімдігі белсенділерге 28 ақпанда митинг өткізуге рұқсат етпеді.