Адам есімі тағдырына әсер етеді

Ақтөбелік журналист Жаңалық Ахаштың атын алғаш естігендер таң қалатыны рас. Көбісі «бүркеншік, лақап ат емес пе?» сұрайды екен. Оған әріптесіміз де үйренген. Бірер жыл бұрын өзі сияқты аты затына сай ағасын кезіктіргенде қуанып қалыпты. Жол саласында жарты ғасырдан аса еңбек еткен Жоламан ақсақалға да «расымен есіміңіз Жоламан ба?» деген сұрағына әлі күнге қызарақтап қалады.

Әріптесіміз Aktobeday.kz үшін жол саласының ардагері, «Құрметті жолшы» Жоламан Тәжімбетовпен сұхбаттасуға өзі ниет білдірді.

— Аға, әке-шешеміз екеумізге азан шақырып ат қоярда еш шатаспапты, иә?

— Оның рас. Бірақ сен бейбіт өмірдің баласысың. Мен соғыс кезінде туғанмын. Әкем Жүсіп майданға аттанғанда мен анамның құрсағаыда қалғанмын. Соғысқа кеткен сол әкемнің жолы жеңіл, елге аман оралсын деген ниетпен маған Жоламан деген ат берген. Сол зұлматтан ол қайтпай қалды. Ал мен 1941 жылы Мұғалжар ауданындағы Жемнің бойында дүниеге келдім. Балалық шағым қиындықпен өтті. Шешем ертелі-кеш шегі-шеті жоқ, таусылып бітпейтін колхоздың жұмысын істеді. Жоқшылықта жетектеп жүріп өсірді. 1960 жылы орта мектепті аяқтаған соң мен де колхоздың қара жұмысына кірістім. Мұғалжар карьерінде жұмысшы, жүк тасушы, Жамбыл атындағы ұжымшарда тракторшы болдым. ДТ-54 маркалы шынжыр табанды трактордың тізгініне ие болғанда, дүниенің тұтқасын ұстағандай қуанғанмын. Мұғалжардың қыстағы қақаған аязы мен үскірік боранында трактор майы қатып қалып, далаға түнеп, талай үсіп кете жаздаған күндер болды. Кейін Жамбыл гидромелиоративтік институтының өнеркәсіптік-азаматтық құрылыс факультетіне сырттай оқуға түсіп, жол саласына осылай келдім.

— Жол саласына келгеннен кейін Жоламанның жолы болды ма?

— Адамның есімі тағдырына әсер етеді екен. Жол саласына қатысты барлық сатыдан өттім. 1972 жылдан бастап Октябрь ДЭСУ-383 мекемесінде бас инженер, сәл кейін ДМСУ-№ 22 мекемесінде бас инженер, облыстық тас жол жөндеу-құрылыс басқармасында бөлім бастығы, бас инженер, өндірістік базаның құрылыс бойынша прорабы қызметтерін атқардым. Кейін «Актюбстрой» тресінде бас механик, Ақтөбе облыстық автожол басқармасы бастығының орынбасары, сапаны бақылау және жұмыстарды қабылдау бөлімінің бас маманы болып жұмыс істедім. Ақтөбе облысында алты жарым мың шақырым жол болса, соның 80-90 процентінің құрылысына қатысып, басы-қасында жүрдім. Ақтөбе-Шұбарқұдық-Қарауылкелді-Сағыз бағытындағы, Қандыағаш-Жем-Мұғалжардан Шалқарға дейінгі жолдардың табанынан бастап салдық. Ол кездегі жол салған құрылысшылардың жағдайын қазіргімен салыстыруға келмейді. Бұрын «Пазик» деген автобуспен қатынайтын едік. Жазда ерніміз кеуіп, мұздай суға зар болатынбыз. Жолды қадаммен жаяу өлшеп жүрдік. Қазір бәрі басқаша. Техника бар, технология дамыған. Жұмысшылардың өзі желдеткіші орнатылған, асханасы жайлы арнайы жатақханаларда жатады. Қатынайтын көліктері де сайлы. Дегенмен, қай уақытта болмасын жол салу оңай жұмыс емес. Бейнеті де, зейнеті де болады.

— Жолға жиі шығасыз ба?

— Соңғы кезде денсаулық сәл сыр беріп жүр. Қазір үй мен емхана арасына жиі қатынаймын (күліп). Алыс болсын, жақын болсын автокөлікпен сапарлағанды жақсы көремін. Қалаған жеріңде тоқтап, қалаған жеріңде аялдайсың. Бұрын мына тұрған Ырғызға АН-2 ұшағымен үш сағат ұшып баратынбыз. Жолдың жоқтығынан ол жаққа көлікпен жету қиямет-қайым еді. Қазір тас жолмен зу етіп үш сағатта жетіп барасың. Бұл да жетістік. «Батыс Европа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі ел қатынасына ең қолайлы жоба болды. Сол дәліздің құрамына кіретін Самара – Шымкент жолының Қызылорда шекарасына дейінгі бөлігіндегі қайта жаңарту-құрылыс жұмыстарына, осы жолдағы ұзындығы 196 метр болатын көпір құрылысын салуға ат салысқаныма қуанамын.

— Жол құрылысына қатысты шағымдар көп айтылады. Сапасына көңіл толмайтындар көп. Бұған не дейсіз?

— Жолды құртатын ең алдымен ауыр жүк көліктері. Қаншама тоннаны тиеп алып жолдың тегістігін құртады. «Колея» дейміз ғой, жол бойына ойықты із қалдырады. Оған су жиналады. Жолдың жауы — су. Су жиналған жерде асфальт ыдырап, тас та мүжіледі. Қазір жолдардың енін 7 метр қылып жүрміз. Менің ойымша, соны жарты метрге көбейтіп, жеті жарым метрге жеткізу керек. Жол бойын бөліп тұратын орталық жолақтарды сол жарты метрге өзгертіп отырса, ана «колеялар» болмас еді. Ойық іздер тегістеледі ғой. Ең бастысы ауыр жүк көліктерін жолға көп шығармау керек. Ал жолдың сапасының берік болуы — құрылысшылардың ар-ожданы мен ұятында. Қазір жолды жеке компаниялар салады. Сол медігерлер қызметін адал атқарса, қабылдап алушылар мен бақылаушылар әділ еңбек етсе жол сапасы мықты болады.

— Әріптестеріңіз хабарласып тұра ма?

— Хабарласып та тұрады, жол саласына, жобаларға қатысты кеңестер де сұрайды. Қарт адам үшін көрген-білгенін, өмірден үйренгенін, тәжірбиесін бөлісу – міндет. Ізімізді жалғастырарыр кәсіби мамандар бар. Ең бастысы дендері сау болсын!

— Сіз де ауырмаңыз, сауығып кетіңіз, аға!

Сұхбаттасқан – Жаңалық Ахаш, арнайы AqtobeDay.kz сайты үшін