Ақтөбеде дзюдодан жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты аяқталды

Бес күнге созылған дзюдодан жасөспірімдер арасындағы ҚР чемпионаты өз мәресіне жетті. 18 ақпанда басталған жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен 13 облыстан 668 дзюдошы қатысты. 16-17 жас аралығындағы татами шеберлері 16 салмақ бойынша күш сынасты.

Жарысқа Алматы облысының құрамасы 3 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен жеңімпаздар кестесінде көш бастады. Ал Шымкент қаласының дзюдошылары 2 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлдемен екінші орынға жайғасты. 2 алтын, 3 қола жүлде иеленген Қарағанды облысының жасөспірімдер құрамасы үздік үштікті қорытындылады.

Ақтөбе құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 5 қола жеңіп, чемпионат кестесінде 6-орынға жайғасты. Мұндай жеңіс соңғы алты жылда болмаған. Былтырғы ел біріншілігінде Ақтөбе құрамасы 4 қоламен 13-ші орын алған еді.

«Алдымен облыстан чемпион шыққанын сүйіншілеп айтқым келеді. Мұндай жетістікке 6 жылдан кейін ғана жетіп отырмыз. Біз жарыс алды екі оқу жаттығу жиынын өткізіп, балалармаздың шеберлігін шыңдадық. Жақсы дайындық пен үздіксіз еңбектің арқасында чемпиондар кестесінде 5 сатыға жоғарыладық», — деді дзюдодан Ақтөбе облысы құрамасының аға жаттықтырушысы Есен Мысин.

Құрама сапында жеңімппаз және жүлдегер атанған спортшылар:

44 келіде қыздар арасында Амира Аккин — қола медаль,
55 келіде ұлдар арасында Алмат Әділет — қола медаль,
60 келіде ұлдар арасында Нұрсұлтан Бағытбергенов — қола медаль,
73 келіде күрескен Бисенов Нұржан — алтын медаль,
81 кг Мұрат Нұрбек — күміс медаль,
90 кг Тыныштық Нұрдәурен — қола медаль,
70 кг қыздар арасында Гнатюк Мария — қола медаль.

Жеңімпаз атанған және жүлделі орын алған спортшылар ұлттық құрама сапына қосылады. Сонымен қатар, жарыста үздік өнер көрсеткен спортшылар да ұлттық құрамаға іріктеледі. Олар алдағы өтетін Әлем және Азия чемпионаттарына қатысып, Қазақcтан намысын қорғайды.