Ақтөбеде грек-рим күресінен ҚР чемпионаты басталды

Ақтөбеде грек-рим күресінен U23 ҚР Чемпионатының жалауы көтерілді. Үш күнге жоспарланған ел біріншілігіне Нұр-Сұлтан, Алматы,  Шымкент қалалары мен 14 облыстан 200-ден астам боз кілем шебері қатысады, деп хабарлайды AqtobeDay.kz тілшісі облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметкері Ерлан Мұқанға сілтеме жасап.

«10 салмақ бойынша палуандар өзара мықтыны анықтайды. Жеңімпаздар ұлттық құрамаға алынады және Әлем, Азия чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады. Спортшылардың арасында әлемдік бол күлемде күресіп жүрген палуандар барын ескерсек биылғы ел біріншілігі тартысты, қызу өтпек», — дейді Ерлан Мұқан.

Оның айтуынша, пандемияға байланысты санитарлық талапқа сай жарыс көрермендерсіз өтуде.  Күрессүйер қауым чемпионатты  YouTube каналынан тікелей эфирде тамашалайды.

Естеріңізге сала кетейік, ақтөбелік классиктер өткен жылы Семейде өткен сайыста жалпыкомандалық есепте 17 команда арасында үшінші орын алды.

Биылғы Ақтөбе облысының құрамы үздіктерден жасақталған. Құрама сапында:

60 келіге дейінгі салмақта  V жазғы спартакиаданың жүлдегері Нұрболат Темірбаев,

63 келіде Кадеттер арасында Азия Чемпионаттарының жеңімпаздары Әділ Сисенбаев,

77 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионы Дәулет Жалғасов.

Еліміздің ересектер арасындағы соңғы чемпионатының жүлдегері Жәнібек Асылбекұлының (130 келіге дейін) және басқа да болашағы зор палуандар өнер көрсетеді.

Айта кетейік, үздік үштікке енген ақтөбелік спортшылар жыл бойы жергілікті бюджеттен қомақты шәкіртақы ала алады.

Наурыз айының басында Италия астанасында Қазақстан ұлттық құрамасының қатысуымен халықаралық рейтингтік турнир өтеді, онда 63 келіге дейінгі салмақта жергілікті грек-римдіктердің танымал көшбасшысы, еңбек сіңірген спорт шебері Мейрамбек Айнағұлов өнер көрсетеді.