Ақтөбеде пробация қызметкерлері сотталған қарияның пәтерақысын төлеп берді

Денсаулыққа қасақана зиян келтіріп, 3 жылға шектеу жазасына кесілген ақтөбелік қарияға пробация қызметкерлері көмектесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметі өз бақылауындағы қарияға көмектесті. 63 жастағы қала тұрғынынан балалары бас тартып, ол жалдамалы пәтерге қоныстанған.

Сотталған қария қаладағы көпқабатты үйлердің бірінде зейнетақысын пәтерақыға төлеп, күн көріп келеді. Есепте тұрған қарт ананың жағдайын түсінген пробация қызметі оған қолдау көрсету мақсатында өңірдегі «Добрые руки» еріктілер тобымен бірлесіп, материалдық тұрғыда қолдау көрсету мақсатында пәтерақысын төлеп, азық-түлікпен және қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етті.

«Пробация есебінде тұрған зейнеткерге аталған қайырымдылық іс-шарасын көрсетудегі мақсатымыз — оны қоғамға бейімдеп, жауапкершілікті сезінуге шақыру. Осы орайда әлеуметтік көмек беруге арналған ұсынысымызды өңірдегі «Добрые руки» еріктілер тобы қолдады. Сотталған қария белінің ауыратындығына шағымданғандықтан, пробация қызметінің инспекторлары алдағы уақытта оған әлеуметтік көмек көрсету бағытында емханаға апарып, МРТ-ға түсіріп, мүгедектігін рәсімдеуге көмек беретін болады. Жалпы көмекке мұқтаж азаматтарға қол ұшын созу ізгі істің үлгісі деп білеміз. Қаламыздағы еріктілер тобымен бірге жасалған екі жақты меморандум аясында қиын жағдайға тап болған сотталған азаматтардың қайта қылмысқа бармауы, алдын алу үшін қайырымдылық іс- шараларын жүйелі түрде ұйымдастырылады», — дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Айғаным Алмағамбетова.

Қиналған кезінде қамқорлыққа бөлеген пробация қызметіне және еріктілер тобына риза болған сотталған қария, өз алғысын білдірді.

«Менің зейнетақым тек пәтерақы мен коммуналдық қызметтерді төлеуге жетеді. Күнделікті азық- түлік пен киім-кешекке ауыспайды. Осыны ескеріп, үнемі материалдық көмек көрсетіп жүрген Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметі мен «Добрые руки» еріктілер тобына алғысымды айтамын», — дейді 63 жастағы сотталған қария.