Ақтөбеде қоғамдық жұмыстан бас тартқан сотталғандар қайта түрмеге қамалды

Ақтөбе облысы, Қарғалы ауданының тұрғыны көршісінің темір бұйымдарын ұрлап, металл қабылдау орындарына тапсырған. Сот шешімімен 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа тартылғанымен, талапты орынлдамады, деп хабарлайды AqtobeDAY тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.

Ақтөбе облыстық ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарғалы ауданының тұрғыны металл бұйымдарды арнайы қабылдау орнына өткізіп, ақшасына ішімдік ішуді әдетке айналдырған. Сот отырысы кезінде процеске қатысушыларды қорқытып, оған қосымша 300 сағаттық қоғамдық жұмысқа тарту жазасы тағайындалды.

«Жазасын өтеуші пробация қызметкерлерінің ескертуіне құлақ аспай, сот жүктеген міндеттерді орындаудан бас тартты. Бірнеше рет жазаны өтеу шарттарын бұзды. Күніне 8 сағаттық қоғамдық жұмыстардан, оның ішінде көше мен саябақты қардан тазалаудан бас тартады. Сонымен бірге тұрғылықты жерін өзгертіп, полиция қызметкерлері 20 күннен соң оны Ақтөбе қаласынан тапты. Аудандық соттың үкімімен сотталған А. жазасының қалған мерзімін түзеу мекемесінде өтейді»,- дейді Қарғалы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет аға лейтенанты Жанболат Жақсылықов.