Ақтөбеде автобус жүргізушілері жалақыны 200 мың теңгеге дейін көтеруді талап етті

Бүгін «Ақтөбе қаласының жолаушылар автокөлік кәсіпорыны» ЖШС жүргізушілері наразылық шарасын өткізді. Оларға қала әкімі Асхат Шахаров келіп, жұмысқа шығуын сұрады, деп хабарлайды AqtobeDAY тілшісі.

«Халық кінәлі емес қой, адамдар жұмыстарына, басқа да шаруаларымен баратын жеріне жете алмай отыр. Жұмысқа шығуларыңызды сұраймын», — деді қала әкімі Асхат Шахаров автобус жүргізушілеріне.

Ол кешке дейін мекемеде қалып, мәселені қарауға уәде берді. Тек содан кейін ғана жүргізушілер жұмыстарына кірісті.

Айта кетелік, бүгін таңертең 8, 8а, 9, 10, 32, 40, 45, 46, 48, 51, 52, 56, 23, 41, 44, 47, 49, 49а автобустары маршрутқа шықпай қойды. Қызылжар, Россовхоз, Ақшат, Қурайлы, Рауан елдімекендеріне қоғамдық көліктер бармай қойды.

Жұмысшылар жалақыны 200 мың теңгеге дейін көтеруін талап етіп отыр. Қазір күніге олар шамамен 3 мың теңгеден табады. Кондукторларға ақша беретін де жүргізушілер. Олардың айтуынша, автобустың істен шыққан бөлшегін де өз қаражаттарына алып жүр.

«Көліктеріміз үнемі істен шығады. «Анкай» автобустарының бөлшектері өте қымбат. Бірақ оны өз ақшамызға аламыз. Біз жұмысымызды жақсы көреміз. Бірақ әркімнің басында несие бар. Бұлай өмір сүруден шаршадық», — дейді жүргізушер.