Кісі қолынан көз жұмған Дәулет Хайрулланың есімі Ақтөбедегі каратэ орталығына берілді

«Жауынгер» киокушинкай-кан каратэ орталығына спортшы Дәулет Хайрулланың есімі берілді. Бұл туралы AqtobeDay.kz тілшісіне Ақтөбе облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметкері Ерлан Мұқан хабарлады.

Оның айтуынша, республикалық Ұлттық Киокушинкай — кан каратэ федерациясының Ақтөбе облыстық филиалы мен спортшының ата-анасы осындай шешімге келген.

«Ресми шара 11-шы ақпан, сағат 16:00 де Тургенов көшесі 78а мекен жайында өтеді. Оған Дәулеттің ата-анасы, федерация өкілдері, спортшылар қатысады. Пандемияға байланысты санитарлық талаптар қатаң сақталады», — деді Ерлан Мұқан.

Аталған нысанды 2019 жылдың қыркүйек айында Республикалық Ұлттық Киокушинкай — кан каратэ федерациясы АОФ спортшысының ата-анасы жеке қаражатына салған. Сол жылы федерация басшылығының ұжымдық талқылауымен орталыққа «Жауынгер» атауы берілген еді.

«Мұнда барлық жастағы балалар мен Ақтөбе облысының құрама командасы үшін тек киокушинкай-кан каратэ бойынша жаттығулар өтіп келеді. Орталықта 7 топ бойынша 120 спортшы шұғылданады. Дәулет Хайрулла да сол орталықта жаттығу жасап, шәкірт тәрбиелеген», — деп хабарлады спорт басқармасынан.

Дәулет Хайрулла – киокушинкай-кан каратэден спорт шеберлігіне үміткер. Ақтөбе құрамасының капитаны, көшбасшы. Спортпен шұғылданғанына 8 жыл. Осы уақыт ішінде Қазақстан кубогының үш дүркін чемпионы, Қазақстан чемпионатының жеңіпазы, Азия кубогының иегері атанды.