Биыл Ақтөбеде ислам қаржыландыру жүйесі бойынша өндіріс орны ашылады

Ислам қаржыландыру жүйесі бойынша «Даму» қоры керамогранит өндіретін «ЗЕРДЕ — Керамика Ақтөбе» ЖШС-ті қолдап отыр. Аталған өндіріс орны өнімнің жартысын Ресейде, қалған бөлігін Қазақстанда өткізуді жоспарлаған, деп хабарлады AqtobeDay.kz тілшісіне «Даму» қорының баспасөз қызметкері Мәдина Оңғарова.

Оның  хабарлауынша, зауыт құрылысын аяқтау үшін қаржы керек болғанда керамогранит өндіретін компания «Даму» қорына жүгінген.

Өз кезегінде, «Зерде-Керамика Ақтөбе» ЖШС Бас директоры Қанат Битеміров Al Hilal Ислам банкінен жеңіл шарттармен қаржы алғанын айтады.

«Даму» Қоры шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бағдарламасы аясында мемлекеттік кепілдік ұсынды. Бұл жоба бойынша импорттың орнын басатын 5 млн ш.м керамогранит шығарып, 220 жаңа жұмыс орнын құру көзделді», — дейді ол.

Керамогранит зауыты Ақтөбе қаласы индустриялық аймағындағы ең ірі жұмыс орындарының бірі болады. Зауыт 2021 жылдың 1 тоқсанына іске қосылады деп жоспарланған.