Тельман Малаев: Қар түскенше Ақтөбе жолдарына 562 рет тексеріс жүргізіп, 300-ден астам кемшілік таптық

«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалы қаладағы 102 жолдың сапасына қатысты жыл бойы 445 рет тексеріс жүргізген, деп хабарлайды AqtobeDay.kz тілшісі орталықтың Ақтөбедегі филиалына сілтеме жасап.

«Мамандарымыз жаңадан салынып жатқан, жөндеуден өтіп жатқан жолдардың сапасын бақылау кезінде 1358 сынама алған еді. Сол зерттеу кезінде 124 сынаманың стандарттарға сәйкес келмейтінін анықтадық. Мердігер компаниялар жолдағы сапасыз жұмыстарды қайта жөндеуге 2020 жылы 67 млн. теңге жұмсады. Ол қаржыны мердігерлер өз қалталарынан бөлуге міндетті. Себебі, кемшілік жіберген компания өзі қайта түзетуі тиіс», – дейді филиал директоры Тельман Малаев.

Ақтөбе облысы бойынша «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалы жергілікті жолдардан бөлек, республикалық маңыздағы жолдардың жайын қысы-жазы бақылауда ұстайды. Жөндеуге қатысты былтыр қар түскенше 562 рет тексеріске шыққан. Республикалық маңыздағы жолдардан 339 кемшілік тауыпты.

«Қыста жол құрылысы тоқтағанымен, біздің орталық мамандары жұмыссыз отырмайды. Қыс мезгілінде республикалық жолдардың уақытылы қардан аршылуы, жол бойы мен жиектеріндегі мұздақтардың тазартылуы мен жол белгілерінің жайына да бақылау жасайды. Табылған кемшіліктерді жауапты мекемелерге шұғыл жеткізіп, ескерту береміз. Қатынас тоқтамай, жол қауіпсіздігінің сақталуына осылайша үлес қосып отырмыз», – дейді Тельман Жәдігерұлы.