Ақтөбедегі NIS оқушылары ЮНЕСКО ұйымдастырған #STEAMUP ұлттық байқауында жүлделі орынға ие болды

#STEAMUP ұлттық байқауы аясында 20 күндік жобалар жарысында ақтөбелік зияткерлер жүлделі екінші орынды иеленді, деп хабарлайды AqtobeDay.kz тілшісі Ақтөбедегі Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Dana Solutions» командасы 5 тапсырма бойынша жоба әзірледі. Олардың қатарында пандемияның ауыл мектептеріне әсері, еліміздегі тұрмыстық зорлық-зомбылық, білім ордаларындағы буллинг мәселесі, Қазақстандағы инфрақұрылым және Көбейтұз көліне қатысты заңнамалар тақырыбы қамтылды. Зерттеу жүргізіліп, оқушылар тарапынан мәселенің шешу жолдары қарастырылды.

«Бір тапсырманы орындауға 3 күн уақыт берілді, сол аралықта біз белгілі бір мәселенің шешімін іздеуге тырыстық, мысалы мектептегі буллингтің алдын алу мақсатында барлық білім ұйымдарына қолжетімді әрі ыңғайлы онлайн-платформа жасадық. Онда кез келген оқушының психологиялық көмек алуға мүмкіндігі бар. Ал экологиялық тақырыпта болған тапсырмалар Көбейтұз көліне байланысты болды, біздің тарапымыздан Көбейтұз көліне ұлттық парк мәртебесі берілу туралы ұсыныс тасталды, бұл оны қорғау мен сақтаудың тиімді жолы», — дейді қатысушылар.

Айта кетсек, байқауға қатысқан 127 команда 600-ден астам жоба ұсынған. Жеңімпаз командалар диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.