«Адырнаның» жағдайы хал үстінде. Бас редактор әкімдіктің жа­уабын күтіп жүргенін айтады

2016 жылы сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауы­мен Ақтөбеден «Адырна» атты рес­пуб­ликалық әдеби журнал шыға бас­таған-ды. Айына бір рет жарық көретін журнал аз уақытта әдеби ортада тың бастамаларымен көзге түс­ті. Алайда 1500 данамен таралатын журналдың бүгінгі халі мүшкіл.

Ақ­төбе облысы әкімдігінен бөлінетін қар­жы біраз уақыттан бері кешеуілдеп тұр­ғандықтан, әдеби журналдың жаңа жыл­да шығу-шықпауы белгісіз болып отыр, деп хабарлайды AqtobeDay.kz тілшісі egemen.kz сайтына сілтеме жасап.

Бұл ахуалды журнал редакторы, ақын Мейірхан Ақдәулетұлы қоғамдағы әдебиеттің деңгейі мен қадір-қасиетінің төмендігінен деп есептейді. «Кітап, газет-журнал саласындағы барлық көңіл толмаушылық пен кемшіліктің бәрі осы түйіннен тарқайды. Қоғамның әдебиетке, жазу-сызуға деген көзқарасы түзелмей, бұл салада өркендеу болмайды. Бұл – Жазушылар одағы көтеріп, айналысатын мәселе.

Қазір, салыстырмалы түрде алсақ, поэзия шарықтады, тәуір жазатын жас ақындар көп болмаса да бар. Ал проза күннен-күнге құлдырап барады. Біреу­дің жақсы дүниесін оқи қалсам, өзім жазғандай қуанатын болдым. Бұрын «Жалын» альманағының атақ-абыройы, сонымен қатар деңгейі де жоғары болды. Оның қаламгерлерге тағайындалған әдеби сыйлығы да өте беделді һәм тек таланттар алатын мәртебе еді. Біз «Адыр­наны» сол типтес әдеби журнал жасаймыз деп үміттендік. Алайда мен шылқыған бай емеспін, қосымша қызметкерге төлейтін қаржы жоқ, қағаз бен бояудың әңгімесі өз алдына. Ал әкімнің, яки меценаттардың алдына барып ақша сұрауға ішкі ұстанымым жібермейді. Дегенмен, әкімдіктің жа­уабын күтіп жүрміз», дейді бас редактор.

Бұл жөнінде облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Купенов: «Адырна» әдеби журналы осы уақытқа дейін облыс әкімдігінің қол­дауымен шығып келді. Қазір қаржы­ландырудың жаңа жолдары қарас­тырылуда. Бұл мәселе облыс әкімінің тіке­лей бақылауында», деді.

Egemen.kz сайтының хабарлауынша, өңірлердегі журналдарды көбінесе әкімдіктер қаржыландырады. Әрине, әкімдер әдебиетші емес. Яғни қоғамдағы «газет-журналға әкімдіктер қаржы бөлмейді» деген жаттанды пікірдің өзі кейде күмәнді сияқты.

«Бірақ өз абыройлары үшін һәм шын ниетімен қаржы бөлетіндер көп. Жергілікті биліктің қазақ руханиятына деген оң көзқарасы  әрине қуантады. Оның үстіне әр облыс­та кемінде бір әдеби журналды қар­жыландырып отыруға шама-шарық жетіп-ақ тұр. «Адырнадан» жақсы жаңа­лықтар күтеміз…», — деп жазады басылым тілшісі.