«Ең жақсыларың — Құран үйреніп, өзгеге үйреткендерің»: Кеңқияқта киелі кітап оқудан жарыс өтті

Ақтөбе облысының Темір ауданында мешіт жамағаттары арасында құран оқудан жарыс өтті, деп хабарлайды AqtobeDay.kz тілшісі. Ұйымдастырушы — Кеңқияқ ауылындағы «Ырысты ана» мешітінің әкімшілігі.

Жарысқа Шұбарқұдық кентіндегі «Досшан Ишан» мешіті, Кеңқияқтағы «Ырысты ана» мешіті, Темір қаласы, Шұбарши мен Саркөл ауылдары мешіттерінің жамағаттары қатысты.

«Ақтөбеден келген қари төрелік етті. Облыстық мешіттен ұстаз қатысты. Сонымен бірге, Темір ауданының бас имамы Қайрат Дәрменов қазылық етіп, құранның дұрыс, әдемі, мақаммен оқылуын қадағалады. Қатысушылар сонымен бірге, құранды жатқа оқу керек болды. Дыбысталуына мән берілді», — дейді ұйымдастырушылар.

Бірінші орынды Шұбарқұдықтан келген Әділгерей Нұрбек иеленді. Қазылар алқасына оның киелі кітапты қатесіз, әуендетіп оқығаны ұнаған.

«Ырысты ана» мешітінің имамы Асылбек Өтеғалиевтің айтуынша, аудан мешіттерінен барлығы 16 адам құран оқып жарысты, олардың ең жасы 12-де, үлкені — 35 жаста.

Айсұлу Жүргенбаева