Жас әнші Мирас Абди Ақтөбенің «Швейцариясында» Абайдың өлеңіне бейнебаян түсірді (ВИДЕО)

Жас әнші Мирас Абди табиғаты көз сүріндірер Қарғалы ауданында Абайдың әніне бейнебаян түсірді, деп хабарлайды AqtobeDay тілшісі.

«Бүгінде Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы аясында елімізде, шет мемлекеттерде көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. 1889 жылы жазылған «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» әніне бейнебаян түсіру арқылы мен де өз үлесімді қосқым келді», – дейді Мирас AqtobeDay тілшісіне берген сұхбатында.

«Жарқ етпес қара көңілім не қылса да» – сүйген жарынан ажырап, алыста қалған жігіттің зарығып айтқан сағынышын білдіретін махаббат лирикасы. Өлең ағылшын, араб, башқұрт, белорус, қарақалпақ, қырғыз, орыс, өзбек, татар, тәжік, түрікмен, ұйғыр, якут тілдеріне аударылған. Туындыға композитор С. Мұхамеджанов, А. Гурьевич ән шығарған.

«Бейнебаян тек қана жас әншінің ән айтуы емес, ән арқылы жастарды ұлттық тәрбиеге баулу, тарихты бағалау, өнерді сүю, насихаттау, патриоттық сезімді оятуды мақсат етеді. Бейнебаян арқылы облысымыздың, туған жеріміздің табиғатын көрсету идеясы жатыр», – дейді жас музыкант.

Бейнебаян Қарғалы су қоймасы маңында ашық аспан астында түсірілген. Әнші түсіру тобындағы Ербол Тенильбаев пен Шоқан Адайға алғысын білдіреді.

Айта кетейік, Мирас Абди 6 жасынан Ақтөбедегі Оқушылар сарайында фортепиано, вокал кластары бойынша музыкалық білім алған. Халықаралық байқаулардың лауреаты. А. Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің түлегі, Марат Әйтімовтың шәкірті.

Бүгінде Қазақ Ұлттық өнер университетінде «академиялық вокал» мамандығы бойынша ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, профессор Азамат Желтыркөзовтың класында үздік білім алып келеді.