«Балықтарға ауа жетпей жатыр»: Ақтөбе еріктілері Сазды су қоймасында ондаған ойық ойды

«Актобе, дыши» еріктілер тобы Сазды су қоймасындағы балық қорын сақтау үшін бұрғылау жұмысын жүргізді, деп хабарлайды AqtobeDay тілшісі «Қазақпаратқа» сілтеме жасап.

Ақтөбе облысындағы Сазды су қоймасында өткен жылы су қоры аз болды. Қазіргі уақытта мұз қалыңдап, балықтарға ауа жетпей жатыр. Алаңдаған ақтөбелік еріктілер бас қосып, бүгін бұрғылау жұмысын жүргізді.

«Таяуда маған табиғат жанашыры хабарласты. Сазды су қоймасында балық қырылып жатыр екен. Біз жан-жаққа хабарласып, еріктілерді жинадық. Бүгін Сазды су қоймасына 20-ға жуық адам келіп, бұрғылау жұмысын жүргізді. Бірден жағымсыз иіс шықты. Таутан балығы табылды. Демек су астында ауа жетпей жатыр. Біз ойыққа қамыс салып, балықтың өмір сүруі үшін бар жағдайды жасадық. Бірер күннен соң тағы жиналып, бір шаршы метрлік төртбұрыш ойық жасаймыз. Бұл да үлкен көмек», — деді «Актобе, дыши» еріктілер тобының жетекшісі, экоамбассадор Евгений Ларачук.

Сонымен бірге еріктілер жиналған кезде Сазды су қоймасын жалға алушы, инспекторлар мен қорықшылар көмекке барды. Барлығы 70-ке жуық ойық ойылды.