Қобдада газ баллоны жарылып, екі адам ауруханаға түсті

Қобда ауданының орталығында үй ішінде тұрған газ баллоны жарылып, екі адам ауруханаға түсті, деп хабарлайды AqtobeDay тілшісі «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап.

«Өрт-құтқару бөлімшелері аталған мекенжайға шұғыл аттанды. Үйдің кіреберісінде 5 литрлік газ баллонының жарылғаны анықталды. Салдарынан үйдің бір бөлігі құлады. Жергілікті өрт сөндіру бөлімінің жеке құрамынан 8 адам, 1 техника жұмылдырылды. Өрт аумағы 30 шаршы метрді құрады. Өрт сағат 14:40-та сөндірілді», — деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Өрт кезінде 34 және 31 жастағы ер адамды күйік шалып, олар ауруханаға жеткізілді. Жағдайы қанағаттанарлық.

Арайлым Сайлау