Қайырымдылық шараларына сотталғандарды жұмылдырған ақтөбелік волонтерлер марапатталды

Қылмыстық атқару жүйесі департаменті аз қамтылған отбасыларға көмек көрсеткен еріктілерді марапаттады, деп хабарлайды Aqtobeday.kz сайты Policia.kz-ке сілтеме жасап.

Департамент бастығы Алмас Шамишев сотталғандар арасында қайта қылмысты болдырмау, сондай-ақ еріктілер жылында пробация қызметкерлерімен бірге аз қамтылған сотталғандардың отбасына көмек беруге арналған іс-шараларға белсенді қатысқан қала еріктілерін марапаттады.

Алғысқа ие болған өңірдегі “Қайырымды жандар”, “Волонтер- 2020”, “Жүректен жүрекке” еріктілер топтары бар. Олар Алматы аудандық пробация қызметімен бірге пробация есебінде тұрған аз қамтылған сотталғандардың отбасыларына және мұқтаж қала тұрғындарына азық-түліктер және киім-кешектермен көмек берді.

Сонымен бірге, төтенше жағдай кезінде де күн-түн демей, қиын жағдайда қалған жүздеген отбасының жағдайын жақсартуға атсалысты. Науқас адамдарға дәрі-дәрмек жеткізіп, ауруханаларға кислород баллондарын тасыды. Жоғарыда аталған іс-шараларға пробация есебінде тұрған сотталған азаматтар қатыстырылды.

«Мұқтаж адамдарға көмек беру – сауапты іс. Осы жұмыстардың арқасында Сіздер қаншама сотталғанның жүрегіне үміт ұялатып, қаншама отбасын болуы мүмкін қауіп-қатерден сақтадыңыздар. Сондықтан, қиын кезеңде пробация қызметкерлерімен бірге игі істер жасағандарыңыз үшін Сіздерге алғысымды айтамын және “Еріктілер жылы” аяқталса да, келер жылы да дәл осындай қарқынмен жұмыс жасауға шақырамын», — деді Алмас Шамишев.