«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы»: ауыр жүк көліктерінің жүрісін қатаң бақылауға алу қажет

Жолдардың ойлы-шұңқырлы болуына бір себеп – ауыр көліктердің шамадан тыс жүк артуы. Осыған байланысты Ақтөбе облысы бойынша көліктегі бақылау инспекциясы өкілдері мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалының мамандары бірлесе рейдке шықты. Олар Ақтөбе-Орск тас жолы мен Ақтөбедегі «Солтүстік айналма жолы» бойынан өткен жүк көліктеріне тексеру жүргізді, деп хабарлайды AQTOBEDAY.kz тілшісі.

Бақылау кезінде отандық үш және шетелдіктердің 13 жүк көлігінің тауарымен қоса салмағы өлшенді. Шамадан тыс жүк артқан екі шетел азаматы мен бір отандасымызға айыппұл салынды.

«Жолдың сапасын бүлдіруге жүк көліктерінің де кесірі тиіп отыр. Мамандар әсіресе күз бен көктем айларында ауыр жүк көліктерінің жүрісін қатаң бақылауға алуы қажет. Себебі, бұл кездері топырақтың ылғалы артқандықтан жол ауыр салмақты көтере алмай, тез бүлінеді», – дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» инженері Руслан Тажбанов.