Әлеуметтік желі белсенділері 10 жылға сотталған Әліби Өтепберген ісін қайта қарауды сұрайды

Ақтөбелік 23 жастағы Әліби Өтепберген жазғы лагерьде балаларға азғындық жасады деп 10 жылға сотталды. Тәлімгер қызметінде болған жігіт ұлдардың ұятты жерінен ұстап, оларға тиіскен көрінеді. Оқиға 2019 жылдың шілде айында болды.

Елордалық студент Әліби Өтепберген демалысқа үйіне келіп, “Ақбөбек-Восток” балалар лагеріне тәлімгер болып жұмысқа орналасады. 21 шілде күні Әлібиді 7-отрядтың жетекшісі етіп тағайындайды. 25 шілде күні балалар тәртіп бұзғандықтан, Әліби оларға “дискотекаға бармайсыңдар” деп жаза қолданған.

Дәл сол күні кешкісін балалар ата-аналарына телефон соғып, “бізді қамап қойды, күн де бізге тиіседі, ұятты жерімізден ұстап, душқа бізбен бірге шешініп түседі” деп шағымданған. Мұны естіген ата-аналар Әлібидің үстінен арыз жазады. Алайда, қылмыстық іс қозғалғанда ата-аналардың жартысы арыздарын қайтарып алған.

Тексеру нәтижелері бойынша білім бөлімінің мамандары «ер адам оқушылармен ортақ тіл табыса алмады» деп мәлімдеді. 8 айдан кейін сот үкімі шықты. Қылмыстық кодекстің 124-бабының 3-тармағы бойынша Әліби Өтепберген 10 жылға бас бостандығынан айырылды.

Әлібиді қолдаған әлеуметтік желідегі белсенділер сот үкімімен келіспейді. Олардың айтуынша,
сот ісі бір жақты ғана қаралған. Сот шешімі ешбір дәлелсіз, тек балалардың сөзі мен ата-ана арыздары негізінде жасалған. Балалардың берген жауабы негізінде лагерь төңірегіндегі видеокамералар да қаралыпты. Оқиғаға қатысты ешбір айғақ табылмаған.

Белсенділер «Біз әділдікті талап етеміз! Әлібидің әділетсіздік құрбаны болуына жол бермейміз!», «Әліби ісі қайта қаралсын! Әділ шешім шықсын!», «Топ старостасы болған жап-жас талантты жігіттің бала фантазиясы мен бала ойы негізінде жазылған ата-аналар арызының құрбаны болуына түбегейлі қарсымыз!» деп ұрандатып отыр.

Әлібиге әділдік сұрап, араша түскендердің қатарында журналист Бибігүл Дәулетбек, Гүлназ Ауданбаева, Ержігіт Асанхан бар. Олар өз парақшаларында жазба қалдырып, әріптестерінің де қолдау танытуын сұрады.