Ақтөбе кәсіпкерлері өңірдің «бас санитары» Беркімбаеваға: Базарды жабу туралы талабыңызды негіздеңіз!

«Әлия» жабық базарында сауда жасайтын кәсіпкерлер облыстың бас санитар дәрігеріне ашық үндеу жолдады, деп хабарлайды AqtobeDAY тілшісі. Беркімбаева Нұрсұлу Алтынбекқызынан кәсіпкерлер базарды жабу жөніндегі талабын негіздеуді сұрайды.

«Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин депутаттармен үш мәрте тексеріспен келген, «Әлия» базарында жүргізіліп жатқан шараларға оң бағасын берді. Сіздің департаменттің қызметкерлері соңғы аптада бірнеше рет келіп, инспекция жүргізіп кетті. Бүгінгі таңда «Әлия» базарында 70-тен астам кәсіпкер азық-түлік саудасымен айналысады. Облыс басшысының мақұлдауымен өнеркәсіптік дағдарысты болдырмау мақсатында  кәсіпкерлер қосымша тауар сатып алған», — делінген ашық үндеуде.

Қысылтаяң шақта онсыз да қиналып жатқан кәсіпкерлер «Әлия» базарын жабуға Нұрсұлу Беркімбаеваның мүдделі болуы мүмкіндігін де тілге тиек еткен.

«Соңғы рет хаттамасыз келгеніңізде ауызша түрде сатып алушыларға арналған арбаларды алып тастау жөнінде ескерту жасадыңыз (арбалар жиі зарарсыздандырылады), сонымен бірге, әлеуметтік қашықтық жолақ белгісінің түсін сарыдан қызылға өзгерттіңіз. Базар әкімшілігі сіздің талаптарды орындап отыр, алайда сіздің орныңызға сіздің инспектор келді, «Әлия» базары жұмысын жалғастыруына байланысты заң бұзушылық жөнінде акт толтырды. Алайда, осыған дейін облыс әкімінің орынбасары Аманғали Бердалин, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, өзге де тексеруші тұлғалар базардың заңсыз жұмыс жасап жатқаны және оны жабу керектігі туралы ештеңе айтпады», — деп жазған кәсіпкерлер.

Санитарлық қызметтен қысым көрген кәсіпкерлер Нұрсұлу Беркімбаеваға базарды жабуға талпынысын негіздеуді, сонымен бірге, облыстық әкімдікпен де мақұлдап алуын сұрапты.

Айта кетейік, ашық үндеу «Диапазон» газетінің сайтында жарияланған.

AqtobeDAY