Желіде Ақтөбедегі пошта мен банктерге жиналған адамдар тобының фотолары тарады

Әлеуметтік желілерде коронавирус пандемиясына қатысты шектеулерге қарамастан бірқатар нысандардың алдында жиналған адамдар тобының фотолары тарады, деп жазады AqtobeDAY.

Суреттерден бетперде таққан ақтөбеліктердің 101 атқыштар бригадасы көшесі мен Әбілқайыр хан даңғылы қиылысындағы Еуразиялық банк ғимаратының алдына жиналғанын байқауға болады. Сонымен бірге, Әлия Молдағұлова және Әбілқайыр хан даңғылы қиылысындағы Халық банкі ғимаратына көп адам жиналған.

«Космос» аялдамасындағы «Қазпошта» ғимаратының алды да лық толы.

Көбінесе банктерді торуылдағанына қарағанда, тұрғындар үкімет дайындаған 42 500 теңге әлеуметтік көмекті алу үшін банктен шот ашу үшін жиналғанға ұқсайды.

Айта кетейік, Тоқаевтың мәлімдемесінен кейін Электронды үкімет порталының жұмысы сыр берді, сонымен бірге, арнайы ашылған телеграм-боттар да ауыртпалықты көтере алмады.

AqtobeDAY

суреттер әлеуметтік желілерден алынды