Ақтөбелік жас палуан Юсуп Батырмурзаев Олимпиадаға жолдама жеңіп алды

Облыс сапынан сынға түскен  Юсуп Батырмурзаев күрес түрлерінен Азия іріктеу турнирінде Олимпиада жолдамасын еншілеп, байрақты бәсекенің чемпионы болды, деп хабарлайды «Тілші» облыстық спорт басқармасына сілтеме жасап.

Еркін стилінде ерлер арасында 125 келіде күрескен Юсуп Батырмурзаев жартылай финалда Үндістан елінің палуанымен кездесті. Самит Самитпен өткен белдесу 2:0 есебімен аяқталып, Юсуп финалға шықты. Ең маңызды белдесу осы үндістандық қарсыласы болған.

«Әрине белдесу қиын болды. Дегенмен боз кілемде барлығын бақылауда ұстауға тырыстым. Еңбегім еш кетпеді. Самит есімді палуанмен бір ай бұрын Италия жерінде өткен турнирде күрестім. Шебер палуан. Ол кездесуде 10:0 есебімен жеңген едім. Бұл жолы жақсы дайындықпен келіпті, тегеурінді қарсыласты», — дейді Юсуп Батырмурзаев.

Юсуп финалда Моңғолия елінің спортшысы Лхагвагерелем Мунхтуромен күш сынасты. Алыптар айқасы соңғы секундарға дейін тартысты өтті. Боз кілемде сенімді күрескен ақтөбелік палуан 4:2 есебімен Азия іріктеу  турнирінде чемпион болды.

«Олимпиадаға жолдама қоржында деп арқаны кеңге салмай күрестім. Өз жерімізде өткендіктен Ақтөбе жұртының алтын медальмен қуантқым келді. Сол мақсатым орындалды. Маған сенім артып, қолдаған жандарға алғыс білдіремін. Бапкерлер құрамына көп рақмет.  Лицензия бізде, енді жылдың ең маңызды сайысына дайындаламыз (Токио Олимпиадасы)», — дейді палуан.

Айта кетейік, бұл – қазақстандық еркін күрес шеберлерінің бесінші жолдамасы.

Юсуп Батырмұрзаев 1996 жылдың 13 сәуірінде дүниеге келген. Ақтөбе облысының намысын қорғайды, 2020 жылғы Азия чемпионатында топ жарған. Қазақстан командасының қоржынындағы лицензиялардың жалпы саны 48-ге жеткенін еске саламыз. Күрес түрлеріндегі лицензиялар жеке балуанға емес, тұтас командаға беріледі.