Бестамақта халықтың наразылығын тудырған шошқа фермасы жұмысының бір бөлігі тоқтатылды

Шошқа фермасында енді көң шығарылмайды, ағынды суды төгуге рұқсат жоқ. «Парижская коммуна XXI» ЖШС-да экологиялық заңнаманың бұзылуына байланысты сот үкімімен 7 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынған еді. Соттың шешімімен Ақтөбе облыстық Экология департаментінің лас суды төгу мен көң сақтау қызметін тоқтату туралы талап-арызы да қанағаттандырылды. Екі шешім де бүгінгі күні күшіне енді.

«Сот орындаушылары серіктестікке лас суды төгу және көң қоймасының жұмысын тоқтату туралы хабарлама жолдады. ​Алайда «Парижская коммуна XXI» ЖШС тарапынан сот шешімдерін орындау бойынша тиісті шара қабылданбады және оларды орындауға ниет білдірмеді. Сот орындаушылары құбырларды дәнекерлеп, көң қоймасының есігіне құлып салды», — деп хабарлады Өңірлік коммуникациялар қызметінен.

Inform.kz сайтының хабарлауынша, қазіргі кезде шошқа фермасының иесі Гайк Тертерян үйқамақта отыр. Оған қатысты қылмыстық тергеу басталды.