Ақтөбеде жол саласының маманы тапшы

Соңғы жылдары тек облыс орталығының өзінде жүздеген көшеге бір мезгілде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бірақ тас төсеп, сол құрылысты атқаратын маман тапшы.

Қазірдің өзінде Ақтөбе мен Қандыағаш қаласының арасындағы жолды салатын мамандар іздестірілуде. Мердігер компаниялар да жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысшылар қажетттігін айтып жатады. Маман тапшылығы мәселесін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Ақтөбе облыстық филиалындағылар да растайды.

«Жолдың сапалы болуы — тек құрылыс материалы, техника, қаржыға ғана емес, білікті маманға байланысты. Жол саласында маман тапшы екені рас. Жастардың көбісі жеңіл жұмыс істеп, мол табыс тапқысы келеді. Мектеп бітіретін түлектер жолшы деген күрек ұстап, күні-түні асфальт төсеп жүретін жұмысшы деп түсінеді. Жол құрылысының жобалаушысы, инженер, зертханашы болуға болатынын білмейді. Жол саласының мамандарын әзірлейтін жоғары оқу орындары елімізде жеткілікті. Сондықтан былтырдан бері мектептерді аралап, жоғары сынып оқушыларына орталықтағы әріптестерімізбен жол саласына қандай мамандар қажет екенін, қандай оқуға түсуге болатынын айтып жүрміз. Кәсіби бағдар беру бойынша «Мың мектеп» деген науқан да қолға алынды. Бір жыл ішінде еліміздегі мың мектептің түлектеріне осы жол саласының мамандығы туралы кеңінен әңгімелеп, кездесулер ұйымдастырып келеміз», — дейді Ақтөбедегі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы инженері Талғат Бижанов.

Ақтөбе облысы бойынша жол саласы мамандарын әзірлейтін жалғыз арнаулы білім ордасы бар. Автокөлік жолдары колледжі орталықтың аймақтағы филиалымен өзара келісімге келген. Инженер, зертханашылар студенттерге тәжірбиелерімен бөлісіп, жол салуды қыр-сырын үйреді.

«Былтыр алғаш рет біздің орталықтан тәжірбиеден өткен студентке жалақы да төленіп отырды. Бұл жастар үшін үлкен қолдау. Жастар өндірістік тәжірбиеден өту үшін шыны керек, көптеген мекеменің есігін сығалап, жалынып жүреді. Бұл дұрыс емес. Керсінше студенттердің болашақ мамандығына тез бейімделіп, біліктілігін арттыруға қаржылық қолдау танытқан жөн. Биыл біздің мекемеден өндірістік тәжірбиеден өтуге сұранып отырған студент көп. Бірақ ақылы практикаға тек озат оқушыны аламыз деген талап қойдық. Сонымен қатар оқушылар мен студенттер үшін «ашық есік» күні ұйымдастырылған. Балалар келіп, біздің филиалдың зертханасын көріп, жол саласына арналған музейді қарауына болады. Биылдыққа індеттің кесірінен көп оқушыларды шақыра алмадық», — дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» филиалы директоры Тельман Малаев.